Оңтүстік Кореяға жасалған жұмыс сапары аясында KazGASA делегациясы Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Конкук университетіне (Konkuk University) барды.
Кездесу барысында тараптар академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын, бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруды және халықаралық әріптестікті кеңейту бағыттарын талқылады.
Келіссөздердің маңызды нәтижелерінің бірі – KazGASA, Конкук университеті және Жапонияның жоғары оқу орындарының бірінің студенттерін қамтитын халықаралық жобаны әзірлеу жұмысының басталуы болды. Жоба білім алмасуды, бірлескен зерттеулер мен жобалық қызметті дамытуды, сондай-ақ студенттердің халықаралық командалар құрамында практикалық тәжірибе жинақтауын көздейді.
Сонымен қатар кездесу аясында профессор-оқытушылар құрамының академиялық алмасу бағдарламасын іске асыру мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, Конкук университеті профессорларының KazGASA-ға, сондай-ақ KazGASA оқытушылары мен профессорларының Оңтүстік Кореяға академиялық сапарларын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл бастама аясында дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізу, ғылыми семинарлар ұйымдастыру, кәсіби тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеулерді дамыту көзделген.
Қазіргі уақытта тараптар ынтымақтастықтың нақты форматтарын, бірлескен жобалардың басым бағыттарын және академиялық алмасу бағдарламасын жүзеге асыру тетіктерін пысықтауда.
Конкук университетімен әріптестікті дамыту KazGASA-ның халықаралық академиялық байланыстарын нығайтуға, білім беру мен ғылым саласындағы тәжірибе алмасуды жандандыруға және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа кәсіби әрі академиялық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.