KazGASA ғылыми кітапханасы кітапханалық қызмет көрсету сапасын арттыру, ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті кеңейту және оқу үдерісін цифрландыру бағытындағы жұмыстар аясында «МегаПро» автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйесін іске қосты.
Жаңа жүйе оқырмандарға кітапхана қорын пайдаланудың заманауи әрі ыңғайлы мүмкіндіктерін ұсынады. Электрондық каталог арқылы пайдаланушылар кітаптарды, ғылыми мақалаларды, оқу және оқу-әдістемелік материалдарды қашықтан іздеп, қажетті басылымдар туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар кітаптың кітапхана қорында бар-жоғын нақты уақыт режимінде тексеріп, жеке оқырман кабинеті арқылы өздерінің кітапхана қызметтерін басқара алады.
«МегаПро» жүйесінің негізгі мүмкіндіктерінің бірі — кітаптарды онлайн режимінде ұзарту қызметі. Бұл оқырмандарға кітапханаға тікелей бармай-ақ, қажетті басылымдарды пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Осылайша, жаңа цифрлық платформа кітапханамен өзара байланысты жеңілдетіп, ақпарат іздеу мен әдебиеттерді пайдалану үдерісін тиімді етеді.
Жүйеге қалай кіруге болады?
Электрондық каталогқа өту сілтемесі KazGASA-ның әлеуметтік желідегі профилінің сипаттамасында (bio) орналастырылған.
Жүйеге кіру үшін iportal.mok.kz корпоративтік порталындағы жеке логин мен құпиясөзді пайдалану қажет. Қосымша тіркелуден өтудің қажеті жоқ.
«МегаПро» жүйесін енгізу — KazGASA ғылыми кітапханасының цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру және университет қауымдастығына қолайлы ақпараттық орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен білім алушыларын жаңа электрондық каталогтың мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз.