12 қараша күні KazGASA-да «Оқитын ұлт» акциясы аясында студенттер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, білімге деген қызығушылықты арттыруға және зияткерлік дамуды қолдауға бағытталған кітап сөресінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараны Академия ректоры Бахтияр Асылбайұлы Сабденалиев құттықтау сөзімен ашып, кітап оқудың адамның тұлғалық қалыптасуы мен зияткерлік дамуына қосатын үлесін атап өтті. Өз сөзінде ректор кітаптың дүниетанымды кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін қалыптастырудағы және жаңа білім алуға деген ұмтылысты арттырудағы маңыздылығына тоқталды.
Бастаманы қолдай отырып, Бахтияр Асылбайұлы өзінің сүйікті кітаптарын ортақ кітап сөресіне орналастырды. Сонымен қатар іс-шараға қатысқан оқытушылар мен студенттер де өздерінің таңдаулы кітаптарын ортақ қорға табыстап, игі бастамаға үлес қосты.
Жаңа кітап сөресі Академияның барлық студенттері үшін қолжетімді. Оның негізгі ерекшелігі- кітап алмасу қағидатына негізделген ашық формат. Әрбір білім алушы өзіне қызықты кітапты таңдап алып оқи алады, кейін оны қайта сөреге орналастырады немесе орнына басқа кітап қалдырып, өзге оқырмандармен бөлісе алады.
Бұл бастама студенттер арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, өзара білім алмасу, оқырмандық мәдениет пен ортақ құндылықтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
KazGASA-да қолға алынған мұндай жобалар білім алушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, Академия қабырғасында білім мен рухани құндылықтарды дәріптейтін зияткерлік ортаны қалыптастыруға бағытталған.