3 қараша күні KazGASA-да профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге арналған «РЕЗОНАНС. Искусство внимания» атты көпшілік алдында сөйлеу және тиімді коммуникация дағдыларын дамытуға бағытталған тренинг ұйымдастырылды.
Тренингті спикер, иммерсивті театр режиссері, сахнада 3000 сағаттан астам тәжірибесі бар Александр Андреев жүргізді. Кездесу барысында қатысушылар көпшілік алдында сөйлеу мәдениетінің қыр-сырын меңгеріп, аудиториямен байланыс орнатудың заманауи тәсілдері мен тәжірибелік құралдарын үйренді.
Бағдарлама аясында сөйлеушінің аудитория назарын алғашқы сәттен бастап аудару, тыңдаушылардың қызығушылығын сақтау, ойды жүйелі әрі нанымды жеткізу және сөз арқылы эмоционалды байланыс қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар ақпаратты құрылымдаудың, сөйлеу мәнерін дұрыс таңдаудың және аудиторияның ерекшеліктеріне қарай коммуникация тәсілдерін бейімдеудің маңыздылығы талқыланды.
Тренингтің мазмұнды бөлімдерінің бірі аудиторияның сегіз түрі мен спикердің сегіз рөлін қарастыруға арналды. Бұл тәсіл қатысушыларға тыңдаушылардың мінез-құлқы мен қабылдау ерекшеліктерін жақсырақ түсінуге, әртүрлі аудиториямен жұмыс істеу стратегияларын таңдауға және коммуникация барысында туындайтын жағдайларға икемді жауап беруге мүмкіндік берді.
Теориялық мәліметтер практикалық тапсырмалармен ұштастырылып, қатысушылар өздерінің сөйлеу дағдыларын жетілдіруге, аудитория алдында өзін еркін ұстауға және ойын сенімді жеткізуге бағытталған жаттығулар орындады. Ерекше назар вербалды және вербалды емес коммуникация құралдарына, дауыс ырғағына, сөйлеу қарқынына, дене қимылы мен сахналық сенімділікке аударылды.
Мұндай форматтағы кәсіби тренингтер жоғары білім беру жүйесіндегі коммуникация мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені оқытушының кәсіби білімімен қатар, оны аудиторияға түсінікті, әсерлі әрі сенімді жеткізе білуі де білім беру үдерісінің сапасына тікелей ықпал етеді. Ал тиімді коммуникация дағдылары ұжым ішіндегі өзара түсіністікті нығайтып, басқару және ұйымдастыру үдерістерінің нәтижелілігін арттыруға ықпал етеді.
«РЕЗОНАНС. Искусство внимания» тренингі KazGASA қызметкерлерінің кәсіби және тұлғалық әлеуетін дамытуға, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін жетілдіруге және білім беру ортасындағы тиімді коммуникация тәжірибесін кеңейтуге бағытталған маңызды кәсіби даму алаңы болды.