04.11.26

KazGASA-да BI Group компаниясының қатысуымен бітіруші курс студенттеріне арналған қонақ дәрісі өтті

Бүгін KazGASA-да BI Group компаниясы өкілдерінің қатысуымен бітіруші курс студенттеріне арналған қонақ дәрісі ұйымдастырылды. Іс-шараға Құрылыс мектебі мен Инженерия мектебінің студенттері қатысып, құрылыс индустриясындағы кәсіби мүмкіндіктермен, тағылымдамадан өту жолдарымен және еңбек нарығындағы өзекті талаптармен танысты.

 

Кездесу барысында BI Group өкілдері компания қызметінің негізгі бағыттары, жас мамандарды тарту және кәсіби кадрларды даярлау тәжірибесі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ студенттерге компанияда тағылымдамадан өту мүмкіндіктері, үміткерлерді іріктеу кезеңдері, өтінім беру тәртібі мен кандидаттарға қойылатын негізгі талаптар жан-жақты таныстырылды.

 

Дәріс аясында теориялық білімді тәжірибеде қолданудың, кәсіби дағдыларды дамытудың және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделудің маңыздылығы талқыланды. Компания өкілдері студенттердің кәсіби әлеуетін қалыптастыруда практикалық тәжірибенің, бастамашылдықтың, жауапкершіліктің және үздіксіз білім алуға деген ұмтылыстың ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

 

Кездесудің интерактивті бөлімінде студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тағылымдамадан өту мен болашақта компанияда жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы толығырақ ақпарат алды. Бұл өз кезегінде білім алушыларға кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, еңбек жолының алғашқы қадамдарын жоспарлауға мүмкіндік берді.

 

Осындай кездесулер KazGASA мен жетекші индустриялық компаниялар арасындағы байланысты нығайтып, білім беру үдерісін еңбек нарығының нақты сұраныстарымен ұштастыруға ықпал етеді. Университет үшін студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту, олардың тәжірибелік дайындығын жетілдіру және болашақ жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуына жағдай жасау маңызды басымдықтардың бірі болып табылады.

 

Читать еще
KazGASA-да Дизайн мектебінің индустриялық комитетінің отырысы өтті
KazGASA-да «Оқитын ұлт» акциясы аясында кітап сөресі ашылды
KazGASA ғалымдары Алматы қаласы әкімдігінің ғылыми грантын иеленді
KazGASA-да №501 аудиторияның үздік дизайн-жобасына байқау басталды