2026 жылғы 17-21 тамыз аралығында Алматы қаласында «ХХ ғасырдың сәулет мұрасын сақтау: қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері» атты халықаралық конференция және жазғы мектеп өтуде.
Іс-шараны KazGASA, ICOMOS Германия (EPWG) және ICOMOS Қазақстан Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
Конференцияға Қазақстан, Германия, АҚШ, Түркия, Грузия, Ливан, Әзербайжан, Қытай, Грекия, Сингапур, Сербия, Италия, Эстония және Бразилиядан сәулетшілер, зерттеушілер, оқытушылар мен студенттер қатысуда.
Бағдарламаның негізгі бағыты — ХХ ғасырдың сәулет мұрасын зерттеу мен сақтаудың заманауи әдістері, оны қорғау, бейімдеу және дамып келе жатқан қалалық ортаға ықпалдастыру мәселелері. Қатысушылар халықаралық тәжірибені және әртүрлі елдердегі сәулет нысандарымен жұмыс істеудің нақты мысалдарын қарастырады.
Алматы үшін бұл тақырыптың маңызы ерекше. Қала еліміздің сейсмикалық белсенді өңірлерінің бірі әрі ХХ ғасырдың елеулі сәулет мұрасына ие. 2025 жылы Қазақстан атынан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының Алдын ала тізіміне Алматыдан екі номинация — «Сәулеттік орнықтылық: Алматының сейсмотөзімді мұрасы» және «Медеу — селден қорғау инженерлік құрылыстар кешені» енгізілді.
Конференция аясында білім беру бағытына ерекше көңіл бөлінуде. KazGASA студенттері кәсіби пікірталастарға, семинарлар мен шеберлік сабақтарына қатысып, Алматының сәулет мұрасымен танысады және халықаралық сарапшылармен тікелей кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Оқытушылар мен зерттеушілер үшін конференция тәжірибе алмасу және халықаралық ғылыми-кәсіби байланыстарды дамыту алаңына айналуда.
Мұндай іс-шаралар тарихи ортаны сақтау мен дамытуға қажетті кәсіби сараптаманы қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл үдерісте мамандар даярлайтын, зерттеулер жүргізетін және кәсіби құзыреттерді қалыптастыратын университеттер мен ғылыми орталықтардың рөлі маңызды.
Бұл бағыттың Қазақстан үшін өзектілігі ЮНЕСКО-ның соңғы шешімдерімен де расталады. 2026 жылы «Маңғыстаудың жартастағы мешіттері және олармен байланысты қасиетті нысандар» ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізіліп, Қазақстанның аталған тізімдегі нысандарының саны жетіге жетті.
Халықаралық деңгейде мойындалған мұра нысандарының кеңеюі ғылыми және кадрлық әлеуетті одан әрі дамытуды талап етеді. Бұл бағыттағы жұмысты мемлекет, ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының бірлескен күш-жігері қамтамасыз етеді. Олардың қатарында KazGASA «Тарихи-мәдени мұраны сақтау» ЮНЕСКО кафедрасы да бар. Кафедра мамандар даярлау, зерттеулер жүргізу және мұраны сақтаудың заманауи тәсілдерін дамыту бағытында жұмыс жүргізеді.
Мұндай жүйелі тәсіл Қазақстанның тарихи және сәулет мұрасын сақтап қана қоймай, оны халықаралық стандарттарға сай зерттеу мен басқаруға қабілетті кәсіби ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.