2026 жылғы 29 қазанда KazGASA-да Республика күніне орай білім, ғылым, сәулет және құрылыс салаларының өкілдерін марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Салтанатты рәсім барысында білім, ғылым, сәулет және құрылыс салаларының дамуына елеулі үлес қосқан мамандар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қаныш Сәтбаев» медалімен және Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сонымен қатар, «SAULE ARCHITECTURE AWARDS 2026» халықаралық сәулет сыйлығының «Үздік сәулет жарияланымы» және «Үздік дипломдық жоба» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.
Іс-шара аясында KazGASA ректоры Бахтияр Асылбайұлы Сабденалиевтің атынан университеттің дамуына қосқан үлесі, кәсіби жетістіктері және адал еңбегі үшін бірқатар қызметкерге алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының оркестрі өнер көрсетіп, салтанатты жиынға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Республика күніне арналған салтанатты жиын кәсіби жетістіктерді дәріптеп, білім мен ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген мамандардың еңбегіне құрмет көрсетудің маңызды көрінісі болды.