2026 жылғы 23 тамызда Ыстамбұлда екі елдің жас мамандары мен студенттерін біріктірген «Қазақстан-Түркия жастар көпірі: жас сәулетшілер шеберханасы» жобасының ресми ашылуы өтті.
Іс-шараға KazGASA ректоры Бахтияр Асылбайулы Сабденалиев бастаған KazGASA делегациясы қатысты. Қазақстандық делегация құрамына университет қызметкерлері мен студенттері де кірді.
Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, Қазақстан мен Түркияның жас сәулетшілері арасындағы кәсіби байланысты дамытуға, сәулет мұрасын зерделеуге және бірлескен жобалық шешімдер әзірлеуге бағытталған.
Бір апта ішінде екі елден келген 30 жас сәулетші Түркияның сәулет мұрасымен — Ыстамбұлдың Айя-София мен Сүлеймание мешіті сияқты тарихи ескерткіштерінен бастап, қаланың заманауи сәулетіне дейін танысады. Қатысушылар аралас командалар құрамында бірлескен жобалармен жұмыс істеп, білімдерін, кәсіби тәжірибесін және сәулетке деген түрлі көзқарастарын біріктіреді.
Жоба студенттер мен жас мамандар үшін ерекше маңызға ие. Халықаралық шеберханаға қатысу оларға көпмәдениетті кәсіби ортада жұмыс істеуге, басқа елдегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға және халықаралық кәсіби байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жобаның ашылуы барысында қазақстандық тарап жобаның Қазақстанда жалғасатынын да жариялады. 2027 жылы KazGASA Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, жоба қатысушыларын Алматыда қабылдайды. Мұнда қазақстандық және түркиялық жас сәулетшілер бірлескен жұмысын жалғастырады.
Осылайша, жоба кәсіби тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар сәулет, мәдениет және білім беру салаларындағы Қазақстан мен Түркия арасындағы жастар ынтымақтастығын жүйелі түрде дамытуға бағытталған бастамаға айналады.