2025 жылғы 19-21 мамыр аралығында KazGASA «Халықаралық индекстелетін журналдарға ғылыми мақалалар дайындаудың практикалық аспектілері» тақырыбында үш күндік оқыту семинары өтті. Іс-шараны Ғылым және инновациялар департаменті ұйымдастырды. Семинарға спикер ретінде Түркияның Бурса Улудаг университетінің профессоры, PhD докторы Эмин Атасой қатысты.
Семинар корпорацияның академиялық ортасындағы ғылыми әлеуетті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде өткізіліп, оқытушылар мен зерттеушілердің жарияланымдық белсенділігін көтеруге арналды.
Үш күн ішінде KazGASA профессорлық-оқытушылық құрамы қарқынды бағдарламадан өтіп, халықаралық ғылыми басылымдарға қойылатын талаптар, мақаланың құрылымы мен рәсімделуі, журнал таңдау ерекшеліктері бойынша терең білім алып, жоғары халықаралық рейтингке ие сарапшыдан практикалық ұсынымдар алды.
Бағдарламаға теориялық дәрістер, нақты жағдайларды (кейс) талдау, үздік тәжірибелермен бөлісу және жеке консультациялар кірді.
Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға курстан өткені туралы сертификаттар табысталды.
Мұндай іс-шаралар зерттеу мәдениетін дамытуға, ғылыми-педагог кадрлардың біліктілігін арттыруға және KazGASA-ның халықаралық академиялық қауымдастықтағы беделін нығайтуға ықпал етеді.м