2026 жылғы 20 қазанда KazGASA-да дизайн саласындағы халықаралық сарапшы, италиялық дизайнер, куратор және Миландағы Istituto Marangoni сән және дизайн мектебінің «Интерьер дизайны» бағытының академиялық жетекшісі Марчелла Бриккидің (Marcella Bricchi) қатысуымен қонақ дәріс өтті. Іс-шара интерьер дизайнындағы заманауи үрдістерге, инновациялық тәсілдерге және HoReCa саласындағы кеңістіктерді жобалау ерекшеліктеріне арналды.
Дәріс барысында Марчелла Брикки өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, студенттерді интерьер архитектурасы мен қонақжайлылық индустриясындағы кеңістіктерді жобалаудың халықаралық тәжірибесімен таныстырды. Заманауи дизайн индустриясының өзекті бағыттарына, шығармашылық шешімдерге, сондай-ақ жобалардағы эстетика мен функционалдылықтың үйлесіміне ерекше назар аударылды.
Кездесу KazGASA студенттеріне кәсіби білімдерін тереңдетуге, халықаралық дизайн тәжірибесімен танысуға және болашақ мамандықтарына қатысты жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға және заманауи кәсіби талаптар туралы түсініктерін кеңейтуге ықпал етеді.